Мерейтойлық эмблема байқауына қатысушылар марапатталды

20.02.2015
585 просмотров

Газетіміздің алдыңғы санында хабардар еткеніміздей, зауыттың 70 жылдық мерейтойының эскизін дайындауға жарияланған ашық байқау өз мәресіне жетті. Ағымдағы аптада байқау жеңімпаздары мен қатысушыларды марапаттауға арналған  шара өтіп, мерейтойлық эмблеманың таныстырылымы  жасалды. 

Шараға  байқау комиссиясының құрамында болған  кадрлар жөніндегі басқарушы директор – аппарат жетекшісі Қанат Қабденов, кәсіподақ комитетінің төрағасы Құсайын Урымбасаров, еңбек ресурстары басқармасының бастығы     Гүляра Өтеғалиева және зауыт ардагері Геннадий Яшков қатысты.

Сөз алғандардың қай-қайсысы да зауыттықтардың байқауға қатысудағы белсенділігін ерекше атап өтті.  Зауыт ардагері Геннадий Яшков бұл  тенденцияны алдағы уақытта да жалғап,   сауалнама, байқаулар жариялау арқылы кері байланысты нығайту керектігін айтты. Ардагер өз сөзінде   байқауға қатысушы Ермек Алтыбаев ұсынған нұсқаның топ жарып,  жеңімпаз деп танылуының себебін де түсіндіріп өтті.

- Нұсқалардың көбінде түрлі жабдықтар, бағандар, қазандар, пештер бейнеленген.  Мен бұны негізгі фон деп қана қабылдаймын. Біз таңдаған эмблеманың негізгі идеясы – зауыт тарихының Жеңіс жылымен сабақтастығы.  Бір қарағанда, бұл эмблема тіптен қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ мәні терең, - дейді Геннадий Георгиевич.

Ардагердің сөзін кадрлар жөніндегі басқарушы директор – аппарат жетекшісі Қанат Қабденов   те қостады.

- Зауыт  тарихы  Жеңіс жылынан бастау алады. Сондықтан да, «Жеңістің төл құрдасы» деген дегенді эмблеманың негізгі өзегі ету – өте орынды.  Бүгінде арамызда  қалған Ұлы Отан соғысының ардагерлері санаулы-ақ. Әлі есімде, бұрын ардагерлерімізге арнап мерекелік шаралар өткізген кезімізде оларды зауыт асханасына сыйдыра алмайтынбыз. Бүгінде солардың төртеуінің ғана көзі тірі, - деді естеліктерімен бөліскен ол.

Қанат Қабденұлының сөзінше, бүгінде  қыркүйек айына бейнеленген зауыт мерейтойына қызу дайындық басталып кетті. Белгіленген іс-шаралар жоспары  бас компанияның қолдауына ие болғанын да айтып өткен ләзім.

Шара барысында байқауға қатысушылардың бірі, жөндеу-механикалық цехының басшысы Юрий Кустадинчев те сөз алды. Оның  мұндай байқауға қатысуы бірінші рет емес екен.

- 1971 жылы Гурьев облысының студенттер құрылыс отрядының эмблемасы байқауына қатысып, бірінші орын алғаным есімде. Бірнеше жыл қатарынан  менің эмблемам отряд белгісі ретінде қолданылды. Осындай қуанышқа ие болған  байқау жеңімпазын  шын жүректен құттықтаймын,  - деді   өз сөзінде.

Шара соңында  кәсіподақ комитетінің төрағасы Құсайын Урымбасаров пен  еңбек ресурстары басқармасының бастығы     Гүляра Өтеғалиева байқау жеңімпазы мен барлық қатысушыларға мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Ал  эмблема ұрансөзін белгілеу жұмыстарына ат салысқан зауыт аудармашысы Қаржаубай Сұлтанғалиұлы ескерткіш сыйлықпен марапатталды. 

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу