Зауыттың 70 жылдық мерейтойы қарсаңындағы зертхана ардагерлерімен мерекелік кездесу

14.08.2015
614 просмотров

.. Әдеттегі жұмыс күндерінде талдау құрылғыларының  дыбысынан бөтен  дауыс естіле қоймайтын зауыт зертханасының дәлізі  бүгін ерекше шулы. Зауыттың 70 жылдық мерейтойы қарсаңындағы зертхана ардагерлерімен мерекелік кездесуге жиналған зейнеткерлердің айрықша дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр.

Ұзақ жыл тер төгіп, еңбек сіңірген ортақ үйлеріне асыға жеткен ардагерлерді жылы шырай, кең құшақпен қарсы алған зертханашылар  қонақтарды дастархан басына жайғастырып,  төрден орын ұсынды.

Зауыт басқармасы мен кәсіподағының құттықтауын жеткізген мұнай өңдеу департаментінің директоры Еркін Сүлейменов 70 жылдық мерейтойдың  зауытты қайта жаңғыртудың ІІ кезеңінің сәтті аяқталуымен тұспа-тұс келіп отырғандығын, бұған  зертханашылардың да қосқан  үлесі зор екендігін  атап өтті.

-Зертхана жаңа заманауи жабдықтармен толықты. Бүгінде оны зертханашыларымыз сәтті меңгеріп, жемісті жұмыс жасауда.  Әрине,  аға буынның еңбегі ұмыт қалған жоқ. Сіздер салған жолды   ізбасарларыңыз  абыроймен жалғап келеді, - деді ардагерлерге жылы лебізін арнаған Еркін Сүлейменов.

Зауыт зертханасының қай кезде де өзгелерге үлгі бола білген алдыңғы саптағы ұжым екендігін айтқан Владимир Вакуров те ардагерлерге алғысын айтып,  зейнеткерлерді зертхана алдында тұрған жаңа міндеттер туралы құлақдар етті.  Зертхана  басшысының ардагерлерге жолдаған жылы лебізіне оның бірінші орынбасары Сәния Меңдібаева да ортақтасып, өзіне жөн сілтеп, бағыт берген тәлімгерлерімен  кезекті рет жүздескеніне қуанышты екендігін айтты.

-Сіздер зауыт зертханасын дамыту жолында ерен еңбек сіңірдіңіздер. Жаңа өнім түрлерін игеруге қатыстыңыздар. Қай кезде де мінсіз қызмет етуге тырыстыңыздар.Әркез  тәжірибелеріңізбен бөлісіп, білгендеріңізді үйретуден тынбадыңыздар. Біз Мусавара Шаяхметқызы, Людмила Суреновна сынды нағыз  майталмандардан үлгі алдық. Сіздерден алған тәлім-тәрбиенің жемісін күні бүгінге дейін көріп келеміз, - деді ол өз сөзінде

Өздеріне арналған шынайы тілектер мен ыстық ықылас ардагерлерді қанаттандырса керек. Ақ тілектің соңын әдемі әуенмен жалғаған олар қосыла ән шырқап, бір серпіліп қалды.  Бұдан соң зертхананың өнерлі жастарына кезек беріліп,  би биленіп, өлең оқылды. Әсіресе Айнұр Мұхамбеталиеваның домбыраның сүйемелдеуімен орындаған  «Қалаулым-ай» әні көптің көңілінен шығып, тыңдармандардың зор қошеметіне бөленді. Домбыраның әуеніне еліткен қонақтар зертхана басшысының сапа жөніндегі орынбасары Ақмарал Ғұсманованың «әу» дейтіні барын айтып, әдемі ән жолдауға қолқа салды.  Ол да ардагерлердің меселін қайтармай, домбырасын асынып,  жырдан шашу шашты.

Жыр қанатында өткенді еске түсірген зейнеткерлер кезек-кезек сөз алып, естеліктерімен бөлісті.  Әріптестеріне табысты еңбек тілеген Людмила Петросян  мұндай ұжымда еңбек ету бағалай білген жанға зор бақыт екендігін айтып, жастарға өнегелі сөзін арнады. Өз естелігінде бақилық болған әріптестері туралы да тебірене әңгімелеп,  ұйымшыл ұжымдағы  ұзақ жылдар бойына қалыптасқан  құндылықтарды да тілге тиек етті.

Зертхананың даму жолында елеулі еңбек сіңірген Мусавара Гумерова кейін Атырау атауын иемдеген Гурьевке 46 жыл бұрын тамыздың 5-інде табан тіреген екен.

-         Ол кезде қала да, зауыт та тым кішкентай еді. Санаулы ғана қондырғы болды.  Әрине, қазіргі кейпімен мүлдем салыстыра алмайсыз. Осы зауытта бүкіл ғұмырымыз өтті. Бүгінгі кездесуге жиналғандардың түгелімен дерлік бірге жұмыс жасадық. Сол кезде қандай болса, бүгін де бәрі бәз-баяғы қалпында сақталған. Әрине, бет жүзін емес, кіршіксіз көңіл, кең пейілдерін айтып тұрмын. Олардың кәсіби біліктерін айтсаңызшы?! Тапсырма берген кезде де түсіндіріп жатудың қажеті жоқ-тұғын, барлығы да ұғымтал, алғыр болатын, - деп еске алды ол.

Естеліктер легін жалғаған Мария Сладкова  да   саналы ғұмырын зауыт зертханасына арнаған жан. Өткен күндерге саяхат жасай отырып, көзіне жас алған ол  еңбек жолындағы тәлімгері Ия Рябованы бір минут үнсіздікпен еске алу туралы ұсыныс білдірді. Электроника, компьютер, автоматизация дегендердің атымен болмаған дәуірінде еңбек еткен Мария Васильевна заманмен бірге жасап келе жатқан  зертхананың бүгінгі жетістіктеріне қуанатындығын да ерекше мақтанышпен жеткізді.

Ардагер Елена Капуова зауыт зертханасымен алғашқы  таныстығының  өте «әсерлі» болғандығын жасырған жоқ.

- Зертханаға алғаш келгенімде таңданысымда шек болмады. Менің есімде алғаны – еттартқышқа ұқсайтын үлкен қара дөңгелек және сынап толы алып монометр. «Қайтсек те, мұның көзін кұрту керек!»  дедім. Содан кейін Мусавара Шаяхметқызы, Людмила Суреновналар Германияға іссапарға барды. Сөйтіп біздің зертханада «ақылды» құрылғылар пайда бола бастады, -  деп еске алды Елена Ивановна.

Сөз алған Лариса Чукалина, Надежда Бородина, Антонина Копенкиналар да  еңбек жолындағы елеулі кезеңдерін еске алысты.

Шара кезінде зертхананың қызметін баяндайтын шағын бейнефильм көрсетіліп, қонақтар жуырда ғана алынған жаңа өнім – бензолдың  алғашқы сынамасы қалай жүргізілгендігін көгілдір экран арқылы тамашалады. Одан соң  ардагерлерге «Атырау мұнай өңдеу зауытына 70 жыл» мерейтойлық медалі мен  зертхана ұжымының жарқын сәттері бейнеленген фотосуреттер жазылған СД-диск табысталды.

Өздеріне көрсетілген ерекше құрмет-қошемет үшін ризашылықтарын білдірген ардагерлер  кездесу соңында ескерткіш суретке түсіп, зауыттың алдағы мерейтойларында  төрт көздері түгел кездесуді тіледі.


Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу