Атырау мұнай өңдеу зауытының 70 жылдығына арналған салтанатты жиын

05.10.2015
731 просмотров

Зауыттықтарды мерейлі межемен құттықтауға билік өкілдері, ардагерлер мен қоғам қайраткерлері,  зауыт серіктестіктері көптеп жиналды. 

Салтанатты жиын басталмас бұрын  қонақтар назарына зауыт тарихын баяндайтын деректі фильм ұсынылды.

Еліміздің Әнұранымен бастау алған жиынның алғы сөзі Атырау облысы әкімі  Бақтықожа  Ізмұхамбетовке  берілді:

- Сіздерді  Атырау мұнай өңдеу зауытының  іске қосылғанына 70 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

Майдан қажеттілігі үшін салынған   Атырау мұнай өңдеу зауытынан  қазақстандық мұнай өңдеу саласының тарихы бастау алады.

Алғашқы жылдарда 800 мың  тонна  мұнай өңдеген  зауыт  бүгінде  заманаиу үлгідегі технологиялық қондырғылармен жарақтанған қуатты өндірістік кәсіпорынға айналды.   Елбасының тікелей қолдауымен  соңғы он жылда  зауыт ерекше қарқынмен дамыды.

2003-2006 жылдардағы жапондық компаниялар тарапынан іске асқан қайта жаңғыртудың алғашқы кезеңінде өнім түрлерінің сапасы  артып, экологиялық көрсеткіштер жақсарды.

Отандық мұнай-химия кластерін құру мақсатын көздейтін қайта жаңғыртудың екінші кезеңі  аясында жылына 133 мың тонна бензол, 496 мың тонна параксилол шығаруға және тауарлы бензиндер сапасын арттыруға мүмкіндік беретін  ароматикалық көмірсутектер шығару кешені салынып, іске қосылды. Биылғы жылдың наурызынан бастап  бұл кешенде  жоғары октанды компонент өндіріле бастады, ал шілде айында мұнай-химия өнеркәсібіне шикізат ретінде қолданылатын бензол өнімінің алғашқы тауарлық партиясы алынды. Бүгін, міне,  зауытта өндірілетін өнім түрлерінің қатары тағы бір мұнай-химия шикізатымен толығып,  параксилол өндіріске жол тартты.  Бұл еліміздің мұнай өңдеу және мұнай-химия саласындағы елеулі оқиға. Осылайша еліміздің тұңғыш мұнай өңдеу кәсіпорны болып саналатын зауытымыз мұнай-химия саласын да бірінші боп бағындырғалы отыр.

Қазіргі таңда қайта жаңғыртудың үшінші кезеңі  -  мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жылына  2 миллион 400 мың тонна шикізат  өңдеуге есептелген жаңа кешен әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп,  Еуро-5 стандартына сай мотор отындарының өндірісін  жолға қоймақ. Бұл отандық мұнай өңдеу саласын дамудың жаңа деңгейіне көтермек. Әйтсе де, бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Алар асу әлі алда.

Қадірлі салтанатты шараға қатысушылар,  сіздерді зауыттың 70 жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып, ел дамуы жолындағы еселі еңбектеріңізге жеміс, жоғары өндірістік көрсеткіштер тілеймін!  Өндіріс өркендеп, еліміз гүлдене берсін! 

Келесі сөз кезегін алған   Атырау мұнай өндеу зауыты бас директорының міндетін атқарушы Азамат Ақышев  зауыттың даму жолындағы маңызды кезеңдерге тоқталып өтті:

- Біздің тарихымыз бай. 70 жыл бұрын, фашистік Германия  тізе бүгіп, Жеңіс туы  желбіреген жылы Қазақстанның батысында  №441 мұнай өңдеу зауытының құрылысы аяқталған еді. Кеңес Одағының әр бұрышынан жиналған мыңдаған құрылысшы мен инженер, өзге де мамандық иелері  соғыс  жағдайында Гурьевтегі стратегиялық нысанның құрылысын жүргізді.

Зауыт екі жылға жетер – жетпес уақыт ішінде салынып, 1945 жылдың 8 қыркүйегінде алғашқы өнім – авткокөлік бензині алынды.  Осылайша елімізде мұнай өнеркәсібі дамуының жаңа дәуірі бастау алды. Құрылысшылар мен  алғашқы зауыттықтардың еңбегі майдан даласындағы жауынгерлер ерлігіне пара-пар. Біздің зауытты Жеңістің төл құрдасы атайтыны да сондықтан. 

Мұнай өнеркәсібіндегі жаңа саланың бастауы болған зауытымыздың аты  Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылды. Біздің зауыт елімізге ең бірінші боп бензин, авиокеросин өнімін берді. Өткен жүзжылдықтың 60-ыншы жылдары зауытты қайта жаңғырту бағыты ұсталды. Жаңа қондырғылар іске қосылып, өнім түрлері молайды.   Ал 80-інші жылдары Қазақстанда алғашқы боп шикі және шынықтырылған кокс шығару  қолға алынды. Сындарлы 90-ыншы жылдарда да зауыт тұрақтылықты сақтап қалды. 

Зауыт «Қазақойл», кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрамына кіргеннен кейін серпінді дами бастады. Мемлекеттің, Елбасымыздың  тұрақты қолдауының арқасында АМӨЗ  ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алып, республикамыздың өндірістік индустриясындағы болашағы зор нысандардың санатынан көрінді. 

 ... Зауыттың басты капиталы – адамдар. Зауыт тарихы мыңдаған қарапайым жұмысшының, мамандардың, технологтар мен инженерлердің еңбегімен жазылады. Бұл адамдар жылдар бойына өндірісті игерді, жан-тәндерімен беріле еңбек етті, жиған білімдері мен тәжірибелерін балалары мен немерелеріне дарытты. Осылайша  еңбек династияларының негізі қаланды.    

«Бәрі де адам үшін – бәрі де адам игілігі үшін» деген сөзді ұран етіп келе жатқан біз зауыттықтардың өмірі мен тұрмыс жағдайын жақсартуға жете назар аударудамыз.  Зауыттықтар әлеуметтік тұрғыда толық қорғалған. Аға буын салған жолды абыроймен жалғап келе жатқан жастарымыз да басты назарда.     

Біз бүгін өздерінің абыройлы да мінсіз еңбектері арқасында шексіз құрметке ие болған мұнай өңдеу саласының ардагерлері алдында бас иеміз. 

Зауыт мерейтойын атап өте отырып, «қара алтын» игеру жолында қажырлы еңбектерін аямаған геологтар мен мұнайшыларға да айрықша алғыс айтқымыз келеді. 

Сондай-ақ, Атырау облысы әкімдігіне, ҚР Энергетика министрлігіне, «Самұрық - Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына,  біздің акционеріміз – «ҚазМұнайГаз – өңдеу-маркетинг» АҚ-на, ұзақ жыл бойы ынтымақтастықта еңбек етіп келе жатқан серіктестерімізге өз ризашылығымызды білдіреміз.

Өздерінің кіршіксіз еңбектерімен зауыт даңқын асқақ ұстай білген   әр жұмысшымыз  жоғары бағаға лайықты.

Сіздерді шын жүректен Атырау мұнай өңдеу зауытының 70 жылдығымен құттықтаймын! Ел еңсесі биік, аспанымыз ашық болсын!

Келесі боп сахна төріне көтерілген ҚР энергетика вице-министрі  Мағзұм  Мырзағалиев министр Владимир Школьниктің Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. 

«Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі атынан Атырау мұнай өңдеу зауытының 70 жылдығына орай шынайы лебізімді қабыл алыңыздар! 

Бұл зауыт республикамыздың отын-энергетика жүйесіндегі ең көне кәсіпорындардың бірі саналады. Ұлы Отан соғысы жылдарында салынған зауыт жетпіс жыл бойына үздіксіз жұмыс жасап,  еліміздің батыс аймағы мен Қазақстан астанасын  әлеуметтік маңызды мұнай өнімдерімен қамтамасыз етті.   

Сонау майдан жылдарында негізі қаланған еңбек дәстүрлерінің жібі үзілмей, мамандыққа адалдық, қажырлылық, шығармашылық ізденіс, жаңашылдық сынды  қасиеттердің  ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады.Сіздер көп жылдар бойына кадр және әлеуметтік саясат, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру, экологиялық қауіпсіздік мәселелерін шешуде өзге кәсіпорындарға  үлгі боп келесіздер. 

Бүгінде зауыт  мұнай өңдеу саласының заманауи тенденцияларына жауап беретін қарқынды даму үстіндегі кәсіпорын.   Зауыт мамандары шығарылатын мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту үшін жаңа технологиялық қуаттылықтарды іске қосып, оны жылдан жылға жетілдіріп, Евро стандарттарына сәйкес жоғары сапалы өнім түрлерін кеңейтуде.

Айрықша алғыс пен бағалауға зауыт ардагерлері лайық.  Сіздер қиын кездерде жаңа өндірісті игеріп, еліміздің техникалық әлеуетін дамыттыңыздар. Сіздердің жігерлі еңбектеріңіздің арқасында Атырау қаласы республикамыздың батыс аймағының индустриалдық орталығы мәртебесін алды.  

Атырау МӨЗ-ымен өмір жолын ұштастырған барша жанға зауыт тұрақтылық пен  сенімді инновациялық дамудың, өнеркәсіптік, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды сәтті іске асырудың нышанына айналсын деп тілеймін. 

Барша атыраулық мұнай өңдеушілерге өз мақсаттары жолында сенімділік, денсаулық пен өркендеу тілеймін!» делінген бұл хатта.  

Бұдан соң Мағзұм Мырзағалиев  «ҚазМұнайГаз – өңдеу - маркетинг» АҚ бас директоры Данияр Тиесовке  ҚР энергетика министрінің «АМӨЗ-70 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.  Сондай-ақ, жоғары өндірістік көрсеткіштері мен адал еңбегі үшін  орталық зауыт зертханасының инженер-химигі Жанар Нұрсұлтанова «Мұнай – газ саласының енбек сіңірген қызметкері»  төсбелгісімен,  №4 цехтың эстакада операторы Хоныс Еркебаев энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы атынан зауыттықтарды мерейтоймен құттықтаған  Ұлттық әл-ауқат қорының мұнай-газ активтері жөніндегі басқарушы директоры Мәлік Сәлімгереев қор басшысының құттықтауын жеткізді. Басқарма Төрағасы Өмірзақ Шүкеевтің атынан келген құттықтау хат мәтіні төмендегідей: «Бұл мерейтой тек Каспий өңірінің мұнай өңдеушілері үшін ғана емес, күллі Қазақстан үшін тарихи маңызға ие атаулы дата. Бұл зауыттан   Қазақстан мұнай өнеркәсібіндегі жаңа сала -  мұнай өңдеудің қалыптасу және даму тарихы тарихы өз бастауын алды. Бүгінде АМӨЗ  тек өнеркәсіптік нысан ғана емес, мыңдаған адамдардың тағдыр тоғысы десек болады.    

Жеті онжылдық бойына Атырау МӨЗ республикамыздағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар санатында келеді. Сала үшін сындарлы шақтарда да зауыт тұралап қалмай, батыс өңірді  өз өнімімен үздіксіз қамтамасыз етті. Атыраулық мұнай өңдеушілерге қажырлық пен  алға қойған мақсаттарды бағындырар жолды жаңылмай таба білер ізденімпаздық тән. Сіздер қайта жаңғырту мен  бастапқы және екінші мұнай өңдеу үдерістерін жаңарту жолында мақсатты түрде еңбек етіп келесіздер. Соңғы уақытта қол жеткізген жетістіктер  қатарында Евро-3, Евро-4 стандарттарына сәйкес келетін автобензин мен дизель отынын шығарудың техникалық мүмкіндіктерін дамыту, мұнай-химия шикізаты - бензол өндірісінің қолға алынуын айрықша атап өтуге тұрарлық.  Зауытты қайта жаңғыртудың екі кезеңін табысты еңсеріп, экологиялық қауіпсіздікке қатысты көптеген мәселелерді оңтайлы шеше білдіңіздер. 

Бүгінде Атырау МӨЗ шикізат өңдеу тереңдігін арттыруға, өндірістің жаңа сападағы деңгейіне көтерілуіне, сондай-ақ технологиялық дамудың жаңа сатысына қадам басуға кепіл болатын мұнайды терең өңдеу кешенінің жобасын іске асыруда. Бұл қуатты кешен іске қосылғаннан кейін  АМӨЗ өнімі халықаралық стандарттарға сай болмақ.     

Мерейлі күнде ардагерлер мен еңбек майданындағы мұнай өңдеушілерге өз алғысымды айтамын. Сіздердің ұжымдарыңыз өзгелерден бірлігімен,  шығармашыл көзқарасымен дараланады, бұл  тың  ойларды жүзеге асырып, компанияның гүлденуіне кепіл болады деп білемін.   

Мұнымен аялдамай, жаңа шығармашылық күшпен жаңа табыстарға ілгері қадам басуларыңызға тілектеспін. Экологиялық таза мотор  отындарын шығарып, еселі еңбектеріңізді Қазақстан Республикасы  экономикасының игілігіне жұмсағайсыздар!  Сіздердің техникалық дамудың алғы шебінен көрініп, Қазақстанда жоғары технологиялық кәсіпорын құру міндетін абыройлы орындайтындықтарыңызға кәміл сенемін!».    

Сөз соңында  атыраулық мұнай өңдеушілерді  жеке өз атынан құттықтап, Жеңістің құрдасы – Атырау мұнай өңдеу зауытының әр қадамы жеңісті болсын деп тілеген Мәлік Сәлімгереев бірқатар зауыттыққа жемісті еңбек, кәсіби шеберліктері мен жоғары жетістіктері үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасын табыстады.  Олардың қатарында №8 цех слесарі Жайықбай Құмар, сатып алулар жөніндегі департамент директоры Вера Думлер, №5 цех операторы Равиль Данишев, №8 цехтың аға механигі Михаил Огай, МТӨК құрылысы жөніндегі департаменттің  бас маманы Татьяна Кузнецова бар.

«Kazenergy» қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев,  «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Сауат Мыңбаевтың құттықтауын    «ҚазМұнайГаз – өңдеу - маркетинг» АҚ бас директоры Данияр Тиесов жеткізді.  Сондай-ақ, ол   жоғары қабілет, мақсаттарды бағындыру мен кәсіби биіктерді бағындыру  жолындағы қажырлықтары  үшін мұнайды терең өңдеу кешені құрылысы жөніндегі департамент директоры Мұрат Өтеғалиевке,  мұнайды терең өңдеу кешені басшысының технология жөніндегі орынбасары Олег Гущинге, басқарушы директордың  мұнайды терең өңдеу кешенін техникалық қолдау жөніндегі орынбасары Дмитрий Макеевке, мұнайды терең өңдеу кешені материалдары мен жабдықтарын қабылдау және жинақтау департаментінің директоры Абдолла Халеловке, технологиялық қондырғы операторы Сатыбалды Сапарғалиға  «KAZENERGY» медалін табыс етті. Сондай-ақ,  МӨжМӨТК өндірісінің операторы Шайхат Дүзелбаев,  бюджеттік және тарифтік жоспарлау бөлімінің басшысы Әлия Иманқұлова, №5 цех операторы Алексей Силин, ЖЭО ауысым басшысы Тілекқабыл Төлегенов, ЖЭО аға инженері Вадим Соловьевтар  ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ және «ҚазМұнайГаз – өңдеу - маркетинг» АҚ Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Содан соң мұнай өнеркәсібінің ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Балғымбаев Өтәлі ақсақалдың ақ тілегіне кезек берілді. Жеңіспен құрдас зауыттың бейбіт күндерде қалай дамығанын, Тұрғындар қалашығының қалай бой көтергенін, оның архитектуралық ерекшеліктерін сөз еткен қария бұл туралы былайша  еске алды:   

- Зауыттықтар тұрғызған Тұрғындар қалашығы өзге ықшамаудандардан айрықша болатын.   Бұл біздің мақтанышымыз еді. «Тұрғындар қалашығы» жобасының авторлары, сондай-ақ құрылыс басқармасының басшысы Иван Романовский Сталин сыйлығына лайық деп танылды.

Осынау өндіріс ошағының шаңырағын шайқалтпай, күні бүгінге дейін сақтап қалған зауыт ұжымы мен оның басшыларының еңбегін атап өтпеске болмайды.

Жетпіс жылдың ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытының еліміздің, соның ішінде батыс өңірдің экономикасына қосқан үлесі өлшеусіз екендігін атап өткен мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шырдабаев өз сөзінде кәсіпорынның дамуы мен қалыптасу жолында еңбектері сіңген бірнеше азаматтың есімін ерекше екпінмен атап өтті:

-  1911 жыл мен 1945 жылдар аралығында мұнай өндіру көлемі артты. Сол кезде батыс аймақты қуатты өндірістік орталыққа айналдыру мақсаты қойылды. Мұнай өңдеу зауытын салу қажеттілігі туындады. Бірақ қайда салыну керек?  Түрлі нұсқалар қарастырылды: Астрахань, Волгоград...  Бұл орайда 1939-1946 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы ОК екінші хатшысы, ал 1946-1954 жылдарда бірінші хатшы  болған Жұмабай Шаяхметовтың есімін атап өткен ләзім. Зауыттың Атырауда салынуына еңбек сіңірген сол кісі еді. Ол біздің өңірдің мұнай мен газ қоры туралы зерттеп, табиғи байлықтарды игеру бойынша рационализаторлық ұсыныстарын білдірген.  Мұнай секторын дамытуға айрқыша үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткерлері Сафи Өтебаев, Дінмұхаммед Қонаев, Байкен Әшімовтердің де есімін атаусыз қалдыра алмаймыз.  Зауыт құрылысы мен оны іске қосу жұмыстары 1943-1947 жылдарда КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінде еңбек еткен жерлесіміз Шахмардан Есеновтың  жеке бақылауында болды. 

1943 жылы зауыт жобасын американдық  «Баджер және балалары» фирмасы жасаған болатын.Оны іске асыруға мәскеулік мамандармен қатар біздің де жерлестеріміз етене атсалысты. Құрылысқа учаске бөлу және басқа да маңызды мәселелермен 36 жыл бойы қазақ мұнайының тізгінін ұстаған    Сафи Өтебаев айналысты. Жолдасқали Досмұхамбетов,  Сағынғали Бөлекбаев, Нұртас Оңдасынов, Саламат Мұкашев, Оңайбай Көшеков, Асқар Кұлыбаев, Есен Тасқынбаев  сынды ағаларымыз тек Атыраудың ғана емес, бүкіл батыс өңірдің дамуына баға жетпес үлестерін қосты.

Мен де   қалалық  партия комитеті хатшысы, министр, әкімшілік басшысы, облыс әкімі сынды жауапты лауазымдарда қызмет ете жүріп, мұнай-газ саласының, мұнай өңдеу зауытының дамуына атсалысқаным үшін тағдырыма ризамын.  Қалалық партия комитетінің бірінші бюросы әлі күнге дейін есімде.   Ол кездегі тәртіп өзгеше еді, партияның  облыстық бюросының әрбір мүшесі нақты бір кәсіпорынның жұмысы үшін жауапты болатын.  Атырау мұнай өңдеу зауыты, ЖЭО және тағы да бірқатар нысандар менің жауапкершілігімде болды.   Мен күн сайын сол нысандарды аралап, жұмысшылармен кездесіп, жиналыстар өткізетінмін. АВТ, Гудри, каталитикалық крекинг қондырғыларын    қайта жабдықтау мәселелерімен айналысқанымыз есімде. СОКП ОК бақылауында болған мұнай коксын қыздырып шынықтыру қондырғысының құрылысы да менің жеке жауапкершілігімде болды.    

Сол жылдарда маған тамаша азаматтармен танысудың мүмкіндігі бұйырды.  Соның бірі  - зауыттың алтыншы директоры    Анатолий Петрович Вакуров.  Ол осы жердің  тумасы, Гурьев политехникумының түлегі, зауытқа 1948 жылы келген. Бас инженер, кәсіпорын басшысы дәрежесіне дейін жетті. Ол бюроның ең белсенді мүшесі болатын. Анатолий Петрович  менің есімде өте адал азамат ретінде сақталды.  Жоламан Есенұлы Есенов сынды азаматпен де осында таныстым. Ол Гавриил Гореченковтан бастап Владимир Гафнерге дейінгі сегіз басшымен жұмыс жасаған жан. Зауытта 45 жыл еңбек еткен ол 30 жылдан астам уақыт бойына директордың экономика жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасады.   Сергей Сергеевич Шишловтың қандай керемет жан болғандығын айтып өткім келеді. 1984 жылы ол зауыт басшылығына келді, ал 1986 жылы Сергей Сергеевичті  Теңіз кен орнына жіберді.  Өте адал, қайратты жан еді.  1986 – 1999 жылдары Владимир  Гафнермен қоян-қолтық жұмыс жасадым.  Мына бір жәйт ойыма оралып отыр,  мен  Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі боп жүрген  кезімде   маған Владимир Викторович қоңырау шалды: «Равиль Тәжіғараұлы, бізге қашан келесіз?» Мен одан:  «Менің қайда баруым керек еді?» деп сұрадым. Ол сол кезде Лукойл өзін Одессадағы мұнай өңдеу зауытының басшылығына тағайындағанын айтты.  Мен  ойланбастан келісім беріп, зауытқа бардым. Ондағылар Гафнер жөнінде  өте жақсы пікірде болды. Өкінішке орай, бұл азаматтар бүгінде арамызда жоқ. Әйтсе де жарқын жүздері мәңгі есте.

Жаңа ғана тамашалаған деректі фильмде  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1979 жылғы  зауытқа сапарын көрдіңіздер. Ол кезде мен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болатынмын.  Сол сапарында  Нұрсұлтан Әбішұлы барлық геологтар мен барлаушыларды, мұнайшыларды жинап алып, жер қойнауындағы байлықты игеруді міндет етіп қойды. Содан соң жұмыс жандана бастады, ал 1984 жылы Нұрсұлтан Назарбаев  ҚазССР министрлер кеңесінің төрағасы боп сайланғаннан кейін жұмыс қарқыны одан сайын күшейе түсті.   Бізге КСРО министрлер кеңесі төрағасының орынбасарлары   Николай  Байбаков,  Николай Рыжков, Мальцев, бір сөзбен айтқанда барлық министр келді.  Бүгінгі қолда барымыз – Елбасымыздың көрегенді саясатының арқасы. Елші боп жүрген кезімде көптеген дипломаттар: «Осындай көшбасшысы бар сіздің халықтың бағы бар» дейтін.  Расында да, біздің бағымыз бар. Елбасының арқасында еліміз әлемге танылды. Экономиканың басқа да салаларын жандандыруға ықпал еткен инвестициялар құйыла бастады.  1978 жылы жылдық қуаты 7,5 миллион тонна Павлодар зауыты, ал 1985 жылы  жылына 6 миллион тонна   өңдеуге қауқарлы  Шымкент зауыты іске қосылды. Ал оған дейінгі 33 жыл бойына  атыраулық мұнай өңдеушілер  бір өздері ғана елімізді отынмен қамтамасыз етіп келді. Іске қосылған жаңа зауыттарды кадрмен қамтамасыз еткен де осы зауыт. Біздің қалалық комитетте  зауытқа оператор болып келіп, басқарушы директор – аппарат жетекшісі деңгейіне дейін жеткен Қанат Қабденов жұмыс жасады. Жергілікті кадрлар ішінен шыққан бас инженер  Садуохас Мералиев, зауыт директоры болған  Ғалымжан Амантурлин,   осы зауытта өсіп- өнген Данияр Тиесов,  күрделі құрылыс пен зауытты қайта жаңғыртудың  барлық кезеңін жүріп өткен,  кәсіпорынның білікті басшысы Қайрат Оразбаевтардың есімдерін атап өтпеске болмайды. Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға үлкен рахмет! Атырау МӨЗ әр уақытта да алдыңғы шептен көрінетініне сенемін!  Мерейтой құтты болсын!

Шараның ресми бөлімінен соң салтанатқа жиналғандар  мерекелік концерт тамашалады. Жиналғандар назарына қазақ тарихынан сыр шертетін театрландырылған көрініс ұсынылып, жергілікті өнер жұлдыздары ән мен жырдан шашу шашты.   Кештің арнайы қонақтары -   халықаралық "Славян базары - 2015" байқауының бас жүлдегері, жас әнші Димаш Құдайберген өзінің ерекше даусымен жұртшылықты тәнті етсе, «КешYOU» тобы шырқаған әндер мерекенің ажарын аша түсті.

Мерейтойлық шара қаламыздағы «Армада» мейрамхана кешенінде  салтанатты кешкі аспен жалғасты. Бұл кеште  мәртебелі меймандар сөз алып,  зауыт ұжымына деген ыстық ықылыстарын білдірді. Сондай-ақ,  ұзақ жылғы мінсіз еңбегі мен қызметтегі жоғары жетістіктері және  зауыттың әлеуметтік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін кадрлар жөніндегі басқарушы директор – аппарат жетекшісі Қанат Қабденов «Еңбек ардагері» медалімен, бас директордың ұжымдық басқару жөніндегі орынбасары Руфат Ходжалаков  «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен,  «АКШ» өндірісінің басшысы Василий Гацко   «Мұнай-газ саласына сінірген  еңбегі үшін»  төс белгісімен марапаттады. Марапаттарды ҚР энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев табыстады.  

Назад к списку новостей

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу