Көңілі гүлдей көркем жан

Көңілі гүлдей көркем жан 07.02.2024

Көңілі гүлдей көркем жан

59 жастағы Ғалия Енжілова 1963 жылы Атырау шаһарында дүниеге келді. 1979-1982 жж. қалалық кәсіптіктехникалық училищесінен мұнай-химия өндірісінің аппаратшысы мамандығын игерді.
Отбасы жөніне тоқтала кетсек, оның Әйгерім есімді жалғыз қызы бар. Ғалия әпкеміз қызының тұрмыс құрып, ана атанып, қарапайым әулеттің келіні болғанын жеткізді. Бір қызығы, кейіпкеріміз 6 жасынан бері ас бөлмесіне ерте араласып, өзі ойластырған тағамдарды дайындаудың хас шебері.
«Жақындарымның айтуынша, әзірлеген тағамдарым мейрамхананың ас мәзірінен кем түспейді», – дейді күліп кейіпкеріміз.
Алғашқы еңбек жолын 1982 жылы зауыттың «ОЗЗ» сынақ орталығында лаборант болып бастады. Ал 1991 жылдан бастап 2007 жылға дейін сынама алушы қызметін атқарған. 2007 жылдан бастап қазірге дейін химиялық талдау лаборанты болып еңбек етуде.
«Әр адам алғашқы жұмыс күнінде қобалжиды. Менде солай қобалжыдым. Бірақ, «жақсыдан шапағат» демекші, ұжымдастарымнан ақыл-кеңес сұрағанда көмектерін аямай, мейірімділік танытатын. Қызметтік міндеттерімді орындау барысында шеберліктерімен бөліскен лаборатория басшысы Гюльнара Сарсенғалиеваға және орынбасары Сания Мендібаеваға, бақылау лабораториясының басшысы Нилжан Абуоваға және әріптестеріме алғыс айтамын. Жұмыс күнім мазут, дизель, мұнай өнімдеріне анализ жасаумен өтеді. Бір жақсысы, біздің ұжымда ұйымшыл жандар жиналған. Содан болар, жұмысымызға сын айтып, наразылық танытқандар кездесе қойған жоқ. Біздің сынақ орталығында еңбек ететін жастар аз емес. Оларға айтарым ашуға бірден бой алдырмай, адалдық деген қасиетті ұмытпаңыздар. Сонда ғана өмірлерін берекелі болады», – дейді ол.
Кейіпкеріміз осыған дейін бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Ол 2011 жылы зауыттың құрмет тақтасына енгізіліп, 2016 жылы «зауыт ардагері» атағын алған. Одан басқа «Атырау мұнай өңдеу зауытына 70 жыл» медалі, «Қазақстан мұнайына 120 жыл» медалі, 2022 жылы ҚР Энергетика министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Ғалия әпкеміз «еліміздің мұнай саласына үлес қосатын маман иесі боламын» деп мақсат еткен екен. Расында, оның ұзақ жылдар бойы бағытынан жаңылмай, еңбек етуінің басты сыры Отанға деген патриоттық сезімде жатқан болар. Өзі айтқандай, өткен жылдар оның қанатын қатайтып, өз алдына жеке талапшыл, жауапты маман болуына себепші болды. Осындай жанның ерен еңбегі қашанда талай жастарға үлгі болып қала бермек.


Количество показов: 1445

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу