Зауыт қызметкері қала әкімінің алғыс хатын иеленді

Зауыт қызметкері қала әкімінің алғыс хатын иеленді 12.08.2022

Зауыт қызметкері қала әкімінің алғыс хатын иеленді

   Райхан Хасанова өзінің отбасын бақытты отбасылардың бірі деп есептейді. Оны жолдасымен табыстырған – ел экономикасының күре тамыры саналатын – мұнай-газ саласы. Осыдан 36 жыл бұрын, бірі – Атырау атырабындағы мұнай өңдеу зауытына, бірі – осы салаға бағыттас кәсіпшілікке жолдама алған екі бірдей жас маман көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Қазіргі кезде Райхан Хасанова Атырау мұнай өңдеу зауытындағы «ОЗЗ» сынақ орталығының реагенттер мен газдар лабораториясының химиялық талдау лаборанты болып қызмет атқарады. Ал жолдасы Жирентай Ихсанғалиев «КазКом-Сервис» ЖШС кәсіпорнында құрылысшы болып еңбек етеді. Олардың араларында 2 ұл мен 2 қыз бар. Шаңырақтың үлкен қызы Гүлнұр ТҰМАНОВА жеке кәсіпкерлікпен айналысса, одан кейінгі қызы Жанар ИХСАНҒАЛИЕВА анасына ұқсап зауытымызда химиялық талдау зертханашасы болып қызмет атқаруда. Екі қыз да тұрмыс құрып, көп балалы аналар атанып отыр. Қазіргі күнде Райхан Хасанованың 7 немере-жиендері бар. Осындай бірлігі жарасқан отбасының қыздардан кейін дүниеге келген үлкен ұлы Нұрлыбек ИХСАНҒАЛИЕВ отбасының қорғаны, елінің тірегі болу үшін Ақтау қаласындағы әскери бөлімде капитан қызметін атқарып жүр. Кенже ұлы Сұлтанбек ИХСАНҒАЛИЕВ зауытымыздың мұнай және мұнай өнімдері зертханасында мотормен сынау жөніндегі машинист болып қызмет етуде.


   Райхан Хасанова өз сөзінде үнемі балаларына кітап оқыңдар, жақсы ойларды ғана ойлаңдар, себебі өмірлеріңнің барлығы кинодағыдай сценарий болып өмірлерінде қалады, деп нұсқау беретінін айтып өтті. Ол өз ісінің маманы ғана емес, оның бойында жұрт біле бермейтін өнері де бар. Ол маталардың қалдығынан құрақ жастық, көрпе, түрлі-түсті дорбалардан дәліздерге арналған әдемі кілемшелерді тоқиды. Осы бір қасиетті ұрпағының бойына дағды ғып дарытуды ойлаған Райхан Хасанова немере-жиендерін үй шаруасына араластырып, қол өнерге баулиды. Ол отбасының баршылықта өмір сүруі үшін аянбай еңбек етіп келді. Осыған дейін оған зауыт атынан көпжылдық және мінсіз еңбегі үшін марапаттар да берілген, атап айтқанда: 2005 жылы «АМӨЗ»ЖШС Кәсіподақ ұйымы «Құрмет Грамотасы», 2009 жылы «Алғыс», 2010 жылы «Құрмет тақтасы», 2017 жылы «АМӨЗ»ЖШС Кәсіподақ ұйымы «Құрмет Грамотасы», 2017 жылы «Зауыт ардагері» атағы т.б.

   20 шілдеде қала әкімі Мейірім ҚАЛАУИ атынан Ихсанғалиевтер әулетіне «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының Атырау қалалық кезеңінде белсенділік танытқандары үшін алғыс хат табысталды. Расында бұл әулеттің бір-біріне деген бауырмалдығы, әке мен анаға деген құрметі ерекше.


Количество показов: 11212

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу