АМӨЗ сан түрлі тағдырлардың куәсі. Карышевтер отбасы зауыттағы егіз ағайынды қызметкерлер. Мамандар егіздерде бірі бір жағдайға тап болса, екіншісі де соған ұқсас жағдайда болатынын айтады. Бұл туралы түсірілген фильм, жазылған әдеби шығарма, көркем дүниелер де жетерлік. Айнымайтын егіздердің қызығу-шылықтары мен қасиеттеріне, қалыптасуына қашықтық та, ұзақ уақыт бір-бірін көрмей жүру де кедергі бола қоймайтын көрінеді.
Егіздер бір-бірін іздеп, сағынып, істерін қайталап қана қоймай, екеуара нағыз бақталас та болады екен. Олар өзге ортада лидер, елдің алдына шығатын, көпшілікті өзіне қарата алатын рухты адам болып қалыптасады. Егіздердің өз арасында бәсекелестік әйтеуір олардың өзгеше болып өсуіне әсерін тигізбей қоймайды деген де зерттеулер бар. Олар бір-бірінің жанында өздерін еркін сезініп, қиындықтарға оңай төтеп беретін көрінеді. Сондықтан болса керек зауыттағы егіздердің тағдыры бір арнада өрбіген.
Қанбай мен Санбай Карышевтер Гурьев ауылшаруашылық техникумын инженер-механик мамандығы бойынша аяқтап, зауытқа мердігер ұйымға жұмысқа орналасады. Кейін азаматтық борышын өтеу үшін шақырту алып, Венгрия мемлекетінде әскер қатарында болады. 1981 жылы қайтадан жұмыс орындарына оралады. Бірақ ағайындылар зауыттағы алғашқы Карышевтер емес еді. Бауырлар әкелерінің ізімен кәсіпорында қызмет етіп бастаған. Бір ерекшелігі ағайындылар 1994 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытының сол кездегі жылу-электр орталығының жөндеу тобына шақырту алып, бір уақытта бір қондырғыға жұмысқа тұрады. Қанбай және Санбай Карышевтермен тілдескен кезде өте ашық мінезді, әзілқойқалжыңға жақын жандар екендігіне көз жеткіздік. Ұзақ жыл үзіліссіз зауытта қызмет етулерінің сыры неде екендігін де білгіміз келгені жасырын емес.
«Зауытта әкем жасады, сол кісінің ізімен біз де ер адамның қолынан келу керек деген дәнекер жұмыстарын үйреніп, кейін слесарьлықты игеріп жұмыс жасап кеттік. Зауыттағы жылдарымның қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым. Кезінде шақырту алып, өзіммен бірге 20 адамды жұмысқа ертіп келген едім. Денсаулығыма байланысты ертерек зейнетке шығуыма тура келді. Соның өзінде мамандығыма сай жұмыстарды ұмыт қалдырмай айналысып тұрамын», – дейді Қанбай Тайпанұлы.
Қанбай Карышев жары Алтын Карышевамен екі қыз бір ұлды тәрбиелеп, өсірген. Көрінген ұрпақтан әзірге 12 немере өрбіген. Ұлы Аслан Карышев қазіргі таңда әке жолымен кокс және күкірт өндірісінде қызмет етуде. Ал Қанбай Карышев өндірістік бақылау департаментінде динамикалық және қосалқы жабдықтар бойынша бас маман ретінде 2021 жылы денсаулығына байланысты зейнеткер атанған.
Қарышев Санбай бүгінде жылу және электр энергиясы өндірісінде жетекші инженер-механик болып қызмет етіп келеді. Бұған дейін аталмыш өндірісте слесарь, қазандық жабдықтарын жөндеу шебері, ЖжЭЭӨ жөндеу-механикалық цехының басшысы сынды лауазымдарда ұзақ уақыт еңбек еткен.
Санбай Карышев:
– Зауыт тұрақтылықтың символы десем қате болмасы анық. Ұжыммен бір отбасыдаймыз. Қазір жастар көптеп жұмысқа орналасып жатыр. Біз де білгенімізбен бөлісіп жүрміз. Жұмысым өзіме ұнайды. Ұнағаны соншалық отыз жылымды зауытқа арнадым. Биыл зейнетке шықсам да қызметімді жалғастырып жүрмін. Бүгінде ұлым Руслан мен қызым Шынар да зауытта еңбек етеді.
Санбай Тайпанұлы, жары Зина Карышеваның екі қыз бір ұлы және 11 немересі бар. Жары Зина апайымызбен телефон арқылы сөйлесу барысында ортадағы үлкен сыйластықпен бір-біріне деген сүйіспеншілігін, әзілін де байқап қалдық. 40 жыл отасқан қосағымен арадағы ерекше байланыс та Санбай ағамыздың әйел атаулыға деген құрметін айқындағандай.
Адал қызметі барысында Санбай Карышев үздік механик атағына ие болып, зауыттың құрмет кітабына енгізілген. Сонымен қатар талай марапаттардың иесі.
Егіздер өздерінің ерекше екендіктерін сезініп, бір-бірінің қызығушылығы мен ортақ қызығушылықтарына құрметпен қарайтын жағдайда өссе – нағыз тәрбие деп бағалауға болады. Егіз болу – ата-бабадан қалған тұқым қуалайтын қасиет, зор қуаныш, мақтаныш екенін де ұғындырып, қадіріне жету керектігін түсіндіріп қойған жөн. Қанбай мен Санбай Карышевтер осындай түсініктерді айқын дәлелдегендей.
Возврат к списку