Гүлнәр Құбиева: «Тігін – тұнып тұрған математика»

11.08.2025

Гүлнәр Құбиева: «Тігін – тұнып тұрған математика»

2019 жылдан бастап Атырау мұнай өңдеу зауыты тігін өнімдерін дайындаумен айналысатын TiginIndustry ЖШС компаниясымен тығыз жұмыс істеп келеді. Бұл кәсіпорын арнайы киімдер мен аяқ киімдерді, жеке қорғаныс құралдарын кешенді түрде ұсынатып отыр. Бүгінгі басылымымызда зауыт қызметкерлерінің көңілінен шыққан білікті тігінші Гүлнәр Құбиева туралы ой толғатпақпыз.

Гүлнәр Ғаламқызы училищені ерлер сырт киімінің тігіншісі мамандығы бойынша тәмамдаған соң, «Шолпан» ательесінде 15 жыл еңбек етті. Кейін «Березка», «Өнерпаз» секілді мекемелерде жұмысын жалғастырып, 2020 жылы TiginIndustry ЖШС кәсіпорнына келді. Содан бері мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерін сапалы әрі ыңғайлы арнайы киіммен қамтамасыз етуге атсалысып келеді.

– Жастайымнан тігін машинасына отырдым. Бұрын бәрі автоматтандырылмаған еді, аяқпен қатар қолымыз да қимылдайтын. Тігін – тұнып тұрған математика. Себебі дәлдік, есеп, симметрия маңызды. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Арнайы киімдер тігемін, жөндеймін, сыдырмаларды ауыстырамын, түймелерін қадаймын. Жаңа киімдерді қызметкерлерге кигізіп, артық жерін кесіп, пішіп, шақтап дайындап беремін. Жұмысымның қиындығы да жоқ емес. Электр тігін машинасымен жұмыс істегенде қолымды кесіп алу, саусақтарды жарақаттау қауіпі бар. Сонымен қатар ұзақ уақыт еңкейіп отыру омыртқаға әсер етеді. Көз жанарын әлсіретеді. Дегенмен бұл салаға 40 жылға жуық ғұмырымды арнадым, – дейді кейіпкеріміз.

Дарынды адам барлық жағынан талантты болатыны сөзсіз. Гүлнәр Құбиева – өз ісінің шебері. Ол тәртіпті жоғары бағалап, жұмыстың нәтижелі әрі уақытында орындалуына ерекше мән береді. Темірдей тәртіпке байлануын бала кезден спортқа жақындығымен байланыстырады.

– Бала күнімде жеңіл атлетикамен айналыстым. Жүгіру спортына қызықтым, кейін волейбол мен баскетбол ойнадым. Бұл спорт түрлері мені тәртіпке баулыды. Қазір де бұл дағдымды сақтап келемін. Таңертең міндетті түрде жаттығу жасаймын. Кешке жаяу жүруді әдетке айналдырдым. Қартайғанда қиындық болмауы үшін денемді шынықтыруды тоқтатқан емеспін. Жастарға да осыны кеңес еткім келеді. Дамыған технологиялар қимыл-қозғалысты азайтты. Сондықтан спорт адам өмірінің ажырамас бөлігі болуы керек деп есептеймін, – дейді Гүлнәр ханым.

Гүлнәр Ғаламқызы – екі ұлдың анасы. Бір ұлы Астана қаласында тұрады. Ол бас қаладағы перзентіне жиі барып тұратынын да айтып өтті. Әріптестері ісмер кейіпкерімізді денсаулыққа аса мән беретін жан ретінде сипаттайды. Әлденеге алаңдаса, ауруды асқындырмай, бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Осындай жауапкершілік, мұқияттылық пен өзін күте білу – кез келген адамның бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет. Оны қанаттас қызмет етіп жүрген жолдастары да жоғары бағалайды.

Тігінші мамандығы – әрқашан сұранысқа ие, маңызды кәсіптердің бірі. Бұл мамандық тек техникалық шеберлікті ғана емес, шығармашылық пен креативті ойлауды да талап етеді. Тігіншілік – қол еңбегі мен қиялдың үйлесімін қажет ететін өнер. Гүлнәр Құбиева секілді ісмерлердің алтын қолдары талай тың дүниелерді өмірге әкеліп, көпшілікті қуанта береріне сенімдіміз.


Количество показов: 253

Возврат к списку

Соңғы жаңалықтармен таныс болыңыз.
Таратуға жазылыңыз!
Жазылу